Теміржол тасымалының көрінбейтін қырлары: Гузель Абушахминамен сұхбат

Теміржол тасымалының көрінбейтін қырлары: Гузель Абушахминамен сұхбат

Бүгін біз теміржол тасымалы саласының маңызды мамандарының бірі – Гузель Габдулхаметовна Абушахминамен сөйлесеміз. Оның еңбек жолында – ондаған жылдық тәжірибе, жүздеген сәтті шешілген мәселе және Қазақстанның көлік саласына қосқан елеулі үлесі бар.


— Гузель Габдулхаметовна, теміржол саласындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

— Менің жолым 1991 жылы Тастақ станциясында жүк қабылдап-тапсырушы ретінде басталды. Бұл оңай уақыт емес еді. Шынымды айтсам, сол кезде бұл салада ұзақ уақыт қаламын деп ойламадым. Алайда жұмыс маған бірден ұнады — ол күрделі, қызықты және жан-жақты еді. Сол сәтте мен осы салада дамып, өскім келетінін түсіндім.


— Сіздің кәсіби жолыңыздағы шешуші кезеңдер қандай болды?

— Әр кезеңнің өз орны бар, бірақ басты бұрылыстардың бірі — "ҚТЖ" ҰК" АҚ-да жүк және коммерциялық жұмыстар жөніндегі жетекші инженер болып жұмысқа орналасқан кезім. Бұл маған кәсіби серпін берді. Ал шынайы кәсіби жетілу кезеңі — мен талап қою жұмысымен айналыса бастаған сәт. Алдымен "Қазтеміртранс" компаниясында бөлім басшысы, кейін бас сарапшы және бас менеджер ретінде жұмыс істедім.


— Талап қою жұмысы — күрделі сала. Сіздіңше, оның басты қиындықтары қандай және сіздің күшіңіз неде деп есептейсіз?

— Ең бастысы — ұқыптылық пен мұқияттылық. Құжаттардағы немесе жағдайды түсіндірудегі кез келген қателік үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Нормативтік базаны білумен қатар, құжаттарды дұрыс оқи білу керек. Сонымен қатар адамдар психологиясын түсініп, ымыра таба білу маңызды. Мен әрқашан кез келген іске барынша мұқият қарауға тырысамын — мейлі ол жүкқұжат, ГУ-23 актісі немесе халықаралық келісім болсын.


— Айтпақшы, сіз ТМД елдерінің теміржол әкімшіліктерімен жұмыс істедіңіз. Бұл тәжірибе қаншалықты маңызды болды?

— Бұл – өте құнды тәжірибе. Халықаралық тасымал — бұл ерекше стандарттары мен қиындықтары бар сала. Басқа елдердегі әріптестермен жұмыс істеу менің көзқарасымды кеңейтті, түрлі тәсілдерді көруге мүмкіндік берді. Бұл менің жұмысымды жан-жақты етіп, кәсіби деңгейімді арттырды.


— Сіздің саладағы маманға қандай негізгі қасиеттер қажет деп есептейсіз?

— Әрине, бұл — жауапкершілік, дәлдік, күйзеліс жағдайында жұмыс істей білу және командалық рух. Біздің сала — үлкен сағат механизмі сияқты, мұндағы әр тетік үйлесімді жұмыс істеуі керек. Мен әрдайым күрделі жағдайда сенуге болатын адам болуға тырыстым.


— Жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

— Маған спорт, кітап оқу және саяхат көмектеседі. Олар ойды сергітіп, күш жинауға, жаңа әсер алуға мүмкіндік береді. Кейде дұрыс шешім қабылдау үшін әдеттегі ортаны тастап, жағдайға басқа қырынан қарау жеткілікті.


— Бүгінгі таңда сіздің алдыңызда қандай міндеттер мен сын-қатерлер тұр?

— Қазіргі уақытта даулы жағдайларды шешу процестерін жетілдірумен, клиенттермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізумен айналысып жүрмін. Сонымен қатар, нормативтік базадағы өзгерістерді бақылау және бөлімшелер мен шет елдердегі әріптестермен байланысты дамыту да маңызды.


— Көлік саласындағы еңбек жолын енді бастаған жастарға не айтқыңыз келеді?

— Қарапайым жұмыстан бастауға қорықпаңыздар. Бәріміз солай бастадық. Ең бастысы — өзіңізге адал болыңыз, білімге ұмтылыңыз және жауапкершіліктен қашпаңыз. Сонда міндетті түрде кәсіби жетістікке және құрметке жетесіздер.


Гузель Габдулхаметовна, қызықты сұхбатыңыз бен Қазақстан теміржол саласына қосып жатқан үлесіңіз үшін алғыс айтамыз. Сіздің кәсібилігіңіз бүкіл тасымал жүйесі үшін сенімді тірек болып қала берсін!

 

×